ВИЦЕ-МИНИСТР АҚТӨБЕДЕ ЖОЛДАУДЫ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАДЫ

вкл. .

25-26 ақпан күндері ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын іссапармен Ақтөбе облысына келді.

Вице-министр Берік Сақбайұлы өңірдегі сапарын 25 ақпан күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының қолдауымен сахналанған «Үлкен сұрақ» спектаклінің премьерасына қатысудан бастады. Спектакльдің сюжеті шынайы өмірде болған оқиғаға негізделген. Басты кейіпкер Сәния есімді бойжеткеннің тағдыры туралы баяндалады. Оқиға кейіпкері ата-анасынан теріс айналып, түрлі қиыншылықтарды басынан өткереді. Радикалды топтың жетегінде жүрген жігітке тұрмысқа шығып, достарынан айырылады. Күйеуі Сирияға кетіп, кейіннен сол жақта қаза табады. Қойылымнан вице-министр мен көрермендер жақсы əсер алып, жоғары баға берді.

26 ақпанда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.Арын облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығында болып, орталық жұмысымен танысты. Басқарма басшысы Жолдас Қалмағамбетов облыста дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Облыстағы деструктивті діни ағым ұстанушыларды оңалту бағытындағы тың жобалар вице-министрдің қолдауына ие болды.

Бұдан әрі іссапар Мұғалжар және Алға аударында жалғасын тапты. Мұғалжар аудан әкімдігінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Жиынға облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов, өкіл имам Төлеби қажы Оспан, аудан әкімі Ербол Данағұлов және аудан активі қатысты.

Кездесу барысында вице-министр Берік Арын Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауының негізгі бағыттары жайында хабардар етті. Оның айтуынша, Жолдауда әлемдік экономиканың ерекшеліктеріне еліміздің табысты бейімделуі үшін 2018 жылы шешілуі қажет нақты міндеттер қойылған. Соның ішінде, жаңа технологияларды, экономикалық әлеуетті және инфрақұрылымды мемлекеттік басқару және адами капиталды дамыту саласында 10 міндет белгіленген. Сонымен қатар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Сақбайұлы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың, азаматтық қоғам және жастар саясаты салаларының негізгі басымдықтары жайлы айтты. Дін мәселелері туралы заң жобасының кейбір маңызды тұстарына тоқталып өтті.

Сондай-ақ, сапар аясында 2017 жылы облыста алғаш болып аудандық ішкі саясат бөлімінің жанынан ашылған Жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталықтың жұмысымен танысты. Аудан әкімдігінде кездесу өткізіліп, вице-министр Жолдаудың маңыздылығын Алға ауданының тұрғындарына да түсіндірді. Сонымен қатар, осы ауданда орналасқан «Ақтөбе медресесі» колледжіне де бас сұқты. Медресені аралап, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, ұстаздармен, шәкірттерімен сұхбаттасты. Өкіл имам Төлеби Оспан вице-министр Б.Арынға облыс орталығынан салынатын медресенің жаңа ғимаратының эскизді жобасын таныстырып, құрылыс жұмыстарына жаңа заманауи тәсілмен демеушілер тарту көзделгендігін атап өтті. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның Ақтөбе өңірінің қала, аудан имамдарымен кездесу өткізілді. Онда вице-министр Жолдауда аталған міндеттерді жүзеге асыру, діни қызметкердің қоғамдағы орны, жаңа заң жобасын халыққа түсіндіруде атқаратын рөлі туралы сөз етті.

Сапар соңында жұмыс тобы Есет батырдың ескерткішінде тізе бүгіп, батырға Құран бағышталды.

Пікір үстеу


Қауіпсіздік коды
Жаңарту