ОМАРДЫҢ ОҚИҒАСЫ

Бірде әділетті халифа Омар ибн әл-Хаттаб базарда жүрген сәтінде бір адамның:

«Иә, Алла мені құлдарыңның ішіндегі «аздардың» қатарынан қыла гөр! Иә, Алла, мені сол «аздардың» қатырынан қыла гөр!»,-деп дұға тілеп отырғанын құлағы шалып қалады. Әлгі адамның жанына келіп:

«Сен бұл дұғаны қайдан алдың?»,-деп сұрайды.

Әлгі адам оған:

“Алла Тағала Құранда былай деген:

«Құлдарымның ішінде шүкір етушілері өте аз»,-дейді.

Сонда Омар жылап жібереді де өзін сөгіп:

«Омардан басқаның бәрі хабардар (білгір)! Иә, Алла! Мені де сол «аздардың» қатарынан қыла гөр”-деп жалбарына дұға жасаған екен…

Кейде баз біреулерге күнәдан аулақ болуды ескерте қалсақ:

«Бірақ, мұны жалғыз мен емес адамдардың көбі жасайды емес пе!»,- деп жауап береді.

Ендеше, “адамдардың көбі” деген сөздің Құрандағы қолданысына назар аударар болсақ, адамдардың көбі

“білмейді” («Ағраф» сүресі, 187-аят),

“шүкіршілік етпейді” («Бақара» сүресі, 243-аят)

“сенбейді” («Һуд» сүресі, 17-аят) деген сөздермен қатар келетінін көреміз.

Ал, олардың «көпшілігі» деген сөзге қарасақ

“бұзақы” («Мәида» сүресі, 59-аят),

“білмейді” («Әнғам» сүресі, 111-аят),

“жалтарады” («Әнбия» сүресі, 24-аят) және “тыңдамайды” («Әнфал» сүресі, 21-аят) деген сөздермен қатар қолданылатынына куә боламыз.

Олай болса, Құранда аталған «аздардың» қатарынан болуға тырысайық.

Алла Тағала Құранда:

«Құлдарымның ішінде шүкір етушілері өте аз» («Сәбә» сүресі, 13-аят)
«Негізінде, онымен бірге иман келтірген өте аз ғана еді» («Һуд» сүресі, 40-аят)
«Жәннат бағында нығыметке бөленеді, бұрынғылардан көбірек, соңғылардан азырақ» («Уақиға» сүресі, 12-14 аяттар)

Ислам ғұламалары: «Ақиқаттың жолымен жүр және бұл жолды адамдардың ішіндегі аздары таңдайтын жалғыздық сені мұңайтпасын, өтіріктің жолынан сақ болғын әрі күнәһарлардың (көптігі) сені алдамасын»,- деген.

Алла Тағала бізді сол «аздардың» қатарынан қылсын. Әмин!

Комментарии закрыты.